Конструктивті дивиденд: 2026 жылдан бастап бизнес үшін жасырын салықтық тәуекелдер
Компания, оның меншік иесі және өзара байланысты тұлғалар арасындағы операциялар қандай жағдайда конструктивті дивиденд ретінде саралануы мүмкін: Салық кодексінің 13-бабын және бизнес үшін практикалық тәуекелдерді талдау.
Мади Бейсенбаев
Жарияланған күні:
Өз ісін бастаған әрбір кәсіпкер, ең алдымен, бизнестен табыс табуды көздейді. Компания дамыған сайын тапқан қаражатты жеке мақсаттарға, басқа жобаларға инвестиция салуға, мүлік сатып алуға немесе ағымдағы шығындарды жабуға пайдалану ниеті туындайды.
Қазақстанда бизнес көбіне жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады. Мұндай компания қызметінен меншік иесінің табыс алуының негізгі тәсілдерінің бірі — таза табысты бөлу және дивидендтер төлеу.
Сонымен бірге іс жүзінде меншік иесі мен оның компаниясы арасындағы қатынастар жалақы немесе дивиденд төлеумен ғана шектеле бермейді.
Меншік иесі өзіне тиесілі мүлікті ЖШС-ге жалға бере алады, компанияға қарыз ұсына алады, компанияның мүлкін пайдалана алады, компаниямен бірлескен шығындарды көтере алады. Компания, өз кезегінде, өкілдік және өзге де шығыстарды төлей алады, мүлік сатып алады, байланысты жобаларды қаржыландырады немесе сол меншік иесіне тиесілі басқа компаниялармен мәмілелер жасайды.
Мұндай операциялардың өзі заң бұзушылық болып саналмайды. Іскерлік мақсат, тиісті құжаттық ресімдеу және нақты экономикалық мазмұн болған жағдайда олардың көбі кәдімгі шаруашылық қатынастар болып табылады.
Алайда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап осындай операцияларды бағалау кезінде тағы бір мән-жайды — Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің 13-бабында көзделген «конструктивті дивиденд» ұғымын ескеру қажет.
Міне, осы жерде қызықты жағдай туындайды.
Енді табысты дивиденд деп тану үшін қатысушылардың жалпы жиналысының таза табысты бөлу туралы шешімі әрдайым қажет бола бермейді. Оның үстіне, белгілі бір жағдайларда мұндай табысты алушы тиісті ЖШС-нің тікелей қатысушысы болып табылмайтын тұлға да болуы мүмкін.
Конструктивті дивиденд дегеніміз не?
Салық кодексінің 13-бабы 3-тармағы экономикалық мазмұны жағынан бір-бірінен ерекшеленетін үш жағдайды бөліп көрсетуге мүмкіндік береді.
Біріншісі: трансферттік баға белгілеу шеңберіндегі түзету нәтижесінде туындайтын табыс.
Егер трансферттік баға белгілеу туралы заңнамада көзделген жағдайларда салық салу объектілеріне түзету жүргізіліп, соның нәтижесінде акционердің, қатысушының, құрылтайшының немесе өзара байланысты тараптың табысы туындаса, мұндай табыс конструктивті дивиденд деп танылады.
Бұл тетік жеке қарастыруды қажет етеді, өйткені оны қолдану үшін Салық кодексінің және трансферттік баға белгілеу туралы заңнаманың ережелерін қатар талдау керек. Бұған қоса, осы мақсаттар үшін өзара байланысты тараптарды айқындаудың арнайы әрі кеңірек тәсілі қолданылады.
Сондықтан трансферттік түзету салдарынан конструктивті дивидендтің туындау мәселелерін бөлек қарастырамыз. Ал қазір меншік иесі мен оның компаниясының күнделікті қызметінде де кездесуі мүмкін қалған екі жағдайға тоқталайық.
Екіншісі: компанияның меншік иесінің немесе онымен өзара байланысты тұлғаның шығыстарын не міндеттемелерін өтеуі.
Бұл жерде қатысушының, құрылтайшының немесе онымен өзара байланысты тараптың заңды тұлғаның өзінің кәсіпкерлік қызметіне қатысы жоқ үшінші тұлға алдындағы шығысы немесе міндеттемесі туындайтын, алайда оны компания өтейтін және қатысушы, құрылтайшы немесе өзара байланысты тарап компанияға тиісті соманы қайтармайтын жағдай туралы сөз болып отыр.
Күнделікті өмірден қарапайым мысал келтірейік.
ЖШС қатысушысының үшінші тұлға алдында жеке міндеттемесі бар. Бұл міндеттемені қатысушының орнына ЖШС төлейді, ал төленген сома компанияға қайтарылмайды.
Ресми түрде таза табысты бөлу және дивиденд төлеу туралы шешім қабылданған жоқ. Алайда экономикалық нәтиже ұқсас: компанияның мүлкі азайды, ал оның меншік иесінің үшінші тұлға алдындағы жеке міндеттемесі компания есебінен өтелді.
Салық кодексінің 13-бабы осындай шығыстың немесе міндеттеменің құнын конструктивті дивиденд ретінде саралауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте тиісті шығыстарды растайтын құжаттардың болуы ғана емес, олардың компанияның өзінің кәсіпкерлік қызметімен байланысы да маңызды. Шығыс іс жүзінде жасалып, құжатпен расталуы мүмкін. Алайда ол шын мәнінде қатысушының немесе онымен өзара байланысты тұлғаның жеке міндеттемесіне қатысты болып, компания есебінен өтелсе және өтемақы қайтарылмаса, оны конструктивті дивиденд ретінде саралау тәуекелі туындайды.
Сондықтан меншік иесінің жекелеген шығыстарын компания арқылы төлеудің үйреншікті тәжірибесін енді бастапқы құжаттармен растау тұрғысынан ғана емес, олардың ЖШС қызметімен экономикалық байланысы тұрғысынан да бағалау қажет.
Үшіншісі: мүлік немесе материалдық пайда беру.
Бұл жерде заң шығарушы айтарлықтай кең тұжырым қолданған: заңды тұлғаның өз акционеріне, қатысушысына, құрылтайшысына немесе олармен өзара байланысты тарапқа берген кез келген мүлкі немесе материалдық пайдасы түріндегі табыс конструктивті дивиденд деп танылады.
Менің ойымша, практикалық тұрғыдан ең үлкен қызығушылық тудыратын тұжырым — осы.
Іс жүзінде компания, оның меншік иесі және олармен өзара байланысты тұлғалар арасында көптеген операциялар жасалуы мүмкін: мүлікті беру, мүлікті пайдалануға ұсыну, қаржыландыру, әртүрлі міндеттемелер бойынша есеп айырысу және өзге де шаруашылық операциялар.
Сондықтан негізгі мәселе мынада: қандай жағдайда мұндай операция дербес тұлғалар арасындағы кәдімгі азаматтық-құқықтық қатынас болып табылады, ал қандай жағдайда қатысушының немесе онымен өзара байланысты тараптың конструктивті дивиденд ретінде саралануы мүмкін мүлік не материалдық пайда алуына әкеледі?
Сонымен бірге Салық кодексінің өзінде маңызды ерекшеліктер көзделген. Атап айтқанда, бұл ұғымнан жұмыскердің табыстары және тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін табыстар алып тасталған. 13-бапта айқындалған, патенттелген өнеркәсіптік меншік объектілерін коммерциялық қызметте пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін роялти түріндегі табысқа қатысты да жеке ерекшелік қарастырылған.
Демек, ЖШС мен оның қатысушысы немесе онымен өзара байланысты тұлға арасында операция жасалу фактісінің өзі конструктивті дивидендтің туындағанын білдірмейді. Мұндай саралау үшін тиісті тұлғаның заңды тұлғадан шын мәнінде мүлік немесе материалдық пайда алғанын және алынған табыстың 13-бапта көзделген ерекшеліктерге жатпайтынын анықтау қажет.
Көзге бірден түсе бермейтін мәселе — «өзара байланысты тараптар»
Осы тұста құқықтық реттеу одан әрі қызықты бола түседі. 13-бапта компанияның қатысушысы немесе құрылтайшысы ғана айтылмайды. Онда көзделген жағдайларда олармен өзара байланысты тарап та конструктивті дивидендті алушы болуы мүмкін.
Бұл ретте өзара байланысты тарап ұғымы меншік иесі мен оған тиесілі компания арасындағы қатынастар туралы қалыптасқан түсініктен әлдеқайда кең. Осы мақсаттар үшін өзара байланыстылық өлшемшарттары Салық кодексінің 14-бабында белгіленген.
Бұл норманың практикалық маңызы — конструктивті дивидендтің ықтимал алушысы ЖШС қатысушысының өзі ғана болмауы мүмкін.
Мысалы, заңды тұлға Салық кодексінің 14-бабының мағынасында оның қатысушысымен өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға мүлік немесе материалдық пайда берсе, мұндай операцияның 13-баптың 3-тармағына сәйкестігін жеке бағалау қажет.
Сонымен бірге өзара байланыстылықтың болуы өздігінен конструктивті дивидендтің туындағанын білдірмейді. Ол тек 13-баптың қолданылу аясына ықтимал кіретін операциялар жасалатын тұлғалар шеңберін кеңейтеді. Тиісті салықтық саралау үшін мүліктің немесе материалдық пайданың берілгенін не 13-бапта тікелей көзделген өзге мән-жайлардың бар екенін анықтау қажет.
Осылайша, заң шығарушы заңды тұлғаның мүлкі есебінен оның меншік иесінің немесе онымен өзара байланысты тараптардың мүддесіне жасалатын операцияларға салықтық бақылау жүргізу аясын едәуір кеңейтті. Таза табысты бөлу туралы ресми шешім болмаған күннің өзінде, 13-бапта белгіленген белгілер болған жағдайда мұндай операция тиісті салықтық салдарлары бар конструктивті дивиденд ретінде саралануы мүмкін.
Бизнес иесі нені тексеруі керек?
Салық кодексінің 13-бабының ережелерін ескере отырып, бизнес иелеріне компания, оның қатысушылары және олармен өзара байланысты тұлғалар арасындағы операцияларға қатысты қалыптасқан тәсілді қайта қарастырған жөн.
Ең алдымен, компания төлейтін, бірақ толық немесе ішінара меншік иесінің жеке мүдделерімен байланысты шығыстарға, сондай-ақ ЖШС мүлкін қатысушының немесе онымен өзара байланысты тұлғалардың пайдалану жағдайларына назар аудару қажет. Компания мүлік сатып алатын, шығыстарды қаржыландыратын немесе міндеттемелерді өзіне алатын, бірақ одан туындайтын экономикалық пайда іс жүзінде компанияның өзінде емес, оның меншік иесінде не өзара байланысты тарапта пайда болатын жағдайлар да жеке бағалауды талап етеді.
Бұл ретте шарттың, шоттың, орындалған жұмыстар актісінің немесе өзге бастапқы құжаттың болуының өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Операцияның экономикалық мазмұны маңызды: ол қандай мақсатпен жасалды, мүлікті немесе материалдық пайданы іс жүзінде кім алды және тиісті шығыстар заңды тұлғаның өзінің кәсіпкерлік қызметімен қаншалықты байланысты?
Бұл компания, оның меншік иесі және өзара байланысты тараптар арасындағы кез келген операция салықтық құқық бұзушылыққа айналады деген сөз емес. Алайда мұндай қатынастарды олардың нақты экономикалық мазмұнын ескере отырып, неғұрлым мұқият құрылымдау және құжатпен ресімдеу қажет.
Сондықтан конструктивті дивидендті жай ғана жаңа салықтық ұғым ретінде қарастырмаған жөн. Негізінде бұл — экономикалық пайданы компаниядан оның меншік иесінің немесе онымен өзара байланысты тұлғаның пайдасына шығаруды, мұндай беру ресми түрде дивиденд төлеу ретінде ресімделген-ресімделмегеніне қарамастан, бағалауға мүмкіндік беретін тетік.
Сол себепті салықтық жоспарлау кезінде енді «операция қалай ресімделді?» деген сұрақты ғана емес, «осы операцияның нәтижесінде экономикалық пайданы іс жүзінде кім алды?» деген сұрақты да талдау маңызды.
Материал ақпараттық-талдамалық сипатта ұсынылған және жеке құқықтық консультация болып табылмайды.
Жарияланымдар тізіміне оралу